Түркіменстан астанасы Ашхабадта «Түркіменстандағы Қытай Халық Республикасының мәдениет жылы» атты іс-шарасының жабылу салтанатына орай концерт ұйымдастырылды.
TDH сайтының хабарлауынша, іс-шараға қатысу мақсатында Түркіменстанға сапармен келген ҚХР делегациясының құрамында мәдениет мекемелерінің басшылары, музыка және би өнерінің шеберлері, акробаттар, сондай-ақ «Жэньминь жибао» газеті және «Синьхуа» ақпараттық агенттігінің БАҚ өкілдері бар.
Түркіменстан Мәдениет министрінің орынбасары Нурсахет Ширимовтың айтуынша, Ашхабадта Қытайдың мәдениет жылы аясында бірнеше ай бойы бірқатар іс-шара өткен.
Іс-шаралар барысында Түркіменстан халқы Қытай халқының озық мәдениеті мен өнерінің ерекшеліктерімен жақынырақ танысты.
Аталмыш іс-шараны ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі, Түркіменстан Мәдениет министрлігі, Түркіменстандағы ҚХР елшілігі және Қытай өнер және ойын-сауық корпорациясы (China Arts and Entertainment Group) бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шара Қытайдың Жаңа жыл мерекесіне орай ұйымдастырылды.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 31 қазан күні Ашхабадта «Түркіменстандағы Қытай Халық Республикасының мәдениет жылы» шарасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.



















