Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Швецияны НАТО-ға қабылдауға келісім берді. Бұл жөнінде НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдеді.
Столтенбергтің сөзінше, Ердоған Швецияны әскери одаққа қабылдау туралы хаттаманы парламентке беруге уәде берген. Столтенберг мұны «тарихи күн» деп атады.
Өз кезегінде Швеция билігі Түркияда террористік деп танылған ұйымдарға қолдау көрсетуді тоқтатады. Сондай-ақ Стокгольм Анкараның Еуроодаққа интеграциялану процесіне қолдау көрсететін болады.
Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кірген соң Швеция мен Финляндия НАТО-ға кіруге өтініш берген. НАТО-ға жаңа мүше қабылдау үшін одақтағы барлық ел келісім беруге тиіс. Алайда Түркия мен Венгрия Швецияны қабылдауға бұған дейін келіспей келген.
НАТО 11-12 шілдеде Вильнюсте өтетін саммитке дейін Швеция мүшелігі мәселесі шешіледі деп есептеген. Алайда Швецияның күрдтерді қолдауы және елде құранды өртеу оқиғалары жағдайды ушықтырып, келіссөздерге кедергі келтірген еді.
Саммит басталардан бір күн бұрын да Ердоған Швецияны НАТО-ға қабылдау мәселесін Түркияны Еуропа одағына қабылдау мәселесімен байланыстырып келген болатын.
Түркия 1999 жылдан бері Еуропа одағына кіруге кандидат ел саналады. Еуропа одағына кіру жөніндегі келіссөз 1987 жылы басталып, 2016 жылы тұйыққа тірелген. Еуропа Анкараны адам құқығын сақтамайтын, заң үстемдігі жоқ, экономикасы нашар ел санайды.
Швеция қабылданса НАТО-ның Балтық теңізіндегі шебі нығая түседі.
Түркия мен Швецияның бірлескен мәлімдемесінде Швеция Түркияның Еуропа одағына кіруіне қолдау көрсетуге уәде берген.
Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон «Мен өте қуаныштымын. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг, үшеуіміз қол алысып кеттік. Швеция үшін өте жақсы күн болды»,-дейді.
Айта кетсек, Швеция 2022 жылы НАТО-ға мүшелікке өтініш берген еді. Бірақ бұған дейін Түркия елдің альянсқа кіруіне рұқсат бермеген болатын.



















