Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей мен Украина келіссөзін Ыстамбұл қаласында қайта бастауға шақырды.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ыстамбұлдағы келіссөздер Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс тереңдеп бара жатқан қиын жағдайдағы дипломатиялық күш-жігердің маңызды кезеңі болып табылады.
Бұл туралы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарада Украина Президенті Владимир Зеленскиймен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Ердоған Зеленскиймен өткен келіссөз барысында Ыстамбұлдағы келіссөзді нәтижеге бағытталған кешенді тәсіл негізінде жалғастыру қажеттілігі ерекше атап өтілгенін баса айтып: “Өзекті мәселелерді шешуде кешенді тәсіл негізінде Ыстамбұл процесін қайта бастау пайдалы болар еді,- деді.
Ердоған Түркияның қақтығысты тоқтатуға ниеттенген барлық серіктестерден Ыстамбұл процесіне сындарлы тәсіл күтіп отырғанын, Америка Құрама Штаттарының да осы процеске қатысуын жоғары бағалайтынын айтты.
Сондай-ақ, Түркия Президенті Ресей тарапымен атысты тоқтатуды жеделдететін, әділ әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікке жол ашатын ұсыныстарды талқылауға дайын екенін қуаттады.
Ердоған Украина Президенті Владимир Зеленскиймен бірлескен баспасөз мәслихатында украиналық әріптесінің сапарына ризашылық білдіріп, оның биыл Түркияға екі рет сапар шеккенін және соның барысында тараптар екіжақты қарым-қатынас пен Украинадағы қақтығысты шешу бойынша пікір алмасқанын еске салды.



















