Тәжікстан мен Қырғызстан президенттері шекара туралы келісімге қол қойды
Тәжікстан мен Қырғызстан президенттері Эмомали Рахмон мен Садыр Жапаров екі ел арасындағы шекара туралы келісімге қол қойды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, 13 наурызда Бішкек қаласында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон екі ел шекарасын делимитациялау және демаркациялау туралы келісімге қол қойып, шекара мәселесін түбегейлі шешті.
Құжатқа Қырғызстан Президентінің “Ынтымақ Ордо” резиденциясында салтанатты түрде қол қойылды. Шараға қатысқан делегация мүшелері бұл тарихи оқиғаға қошемет білдірді.
Құжатқа қол қою және бірлескен мәлімдеме қабылданар алдында екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізд. Соның барысында тараптар саяси, экономикалық салалардағы екіжақты қарым-қатынасты, сондай-ақ білім және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты талқылады.
Сондай-ақ, кеше Эмомали Рахмон мен Садыр Жапаров екі елдің мемлекеттік шекарасындағы екі бақылау-өткізу бекетін бейнеконференция арқылы ашты.
Салтанатты шара Тәжікстан мен Қырғызстанның шекаралас облыстарының басшылығы мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен өтті.



















