Тәжікстан мен Қырғызстан шекаралас ауылдардағы учаскелерді өзара айырбастауға келісті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Кабар агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Президент Садыр Жапаров агенттікке берген қысқаша сұхбатында екі ел шекарасын реттеудің шарттары мен шахмат үлгісінде орналасқан шекаралық ауылдардың тағдыры туралы айтты.
Садыр Жапаров тілшінің “Қырғыз-тәжік шекарасы мәселесі қандай шарттармен және кімнің пайдасына шешілді?” деген сұрағына: “Қырғыз-тәжік шекарасы мәселесі іс жүзінде шешілді. Қазіргі уақытта құжаттарды рәсімдеу бойынша екіжақты жұмыс жүргізілуде.
Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін үкіметаралық комиссиялар, содан кейін сыртқы істер министрлері құжатқа қол қояды.
Осы процедуралар аяқталғаннан кейін келісімді екі елдің парламенттері ратификациялайды.
Келесі кезекте құжатқа екі елдің президенттері біз қол қоямыз. Одан кейін ноталармен алмасу өтеді.
Шекараны анықтау жұмыстары тағы бір-екі жылға жалғасып, содан кейін ғана бұл процесс толығымен аяқталады.
Ең бастысы, біз екіжақты келісімге келдік”,- деді.
Садыр Жапаров шекаралық даулардың кімнің пайдасына шешілгендігі туралы қойылған сұраққа: “Екі ел арасындағы шекаралық дауларды шешкенде тек біржақты мүдделерді ескеру мүмкін емес. Шешім екі жақтың мүдделері ескерілгенде ғана қабылданады.
Біздің мың шақырымға жуық шекарамыз бар. Көптеген учаскеде даулы аумақтар болды. Кей жағдайларда бұл аймақтар тең шешілді. Сонымен қатар, бізде үйлері шахмат үлгісінде орналасқан шекаралық ауылдар бар. Бұл мәселені де шештік. Әйтпесе, шекара қауіпсіздігі екі жаққа да үлкен қолайсыздық тудырып отыр.
Егер біздің жақта Тәжікстан азаматтарына тиесілі үйлер болса, тәжік тарапы оларды көшіреді. Біздің үйлеріміз солардың жағында болса, азаматтарымызды көшіреміз. Біз оларға басқа жерде үй саламыз. Жер телімдерінің көлемі ескерілетін болады.
Осылайша, мәселелер жердің әрбір метрін есепке ала отырып шешілді. Демаркациялау жұмыстары басталған кезде толық ақпарат беріледі”, — деп түсіндірді.
















