“Тажиктелеком” компаниясы Oriz ұлттық мессенджер қосымшасын жасап, іске қосты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Тәжікстан Үкіметі жанындағы Байланыс қызметі мәлімдеді.
Мекеменің мәлімдеуінше, технологиялардың қарқынды дамуы мен жаһандық ақпараттық бәсекелестік дәуірінде ұлттық байланыс құралдарының болуы тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздіктің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.
Осыған орай, Тәжікстан Үкіметі жанындағы Байланыс қызметінің бастамасымен “Тажиктелеком” акционерлік қоғамы Oriz деп аталатын жаңа ұлттық мессенджерін іске қосты.
Мессенджер қолданушылар арасында ыңғайлы әрі сапалы, қауіпсіз қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін жасалған. Оның мақсаты — толығымен отандық және сенімді цифрлық ортаны құру.
Oriz-ге әлемнің кез келген нүктесінен қосылуға болады.
Қазіргі уақытта Oriz мессенджерінде мәтіндік және дауыс хабарламаларын жіберу, дауыс және бейнеқоңырау шалу, топтар мен арналар құру, файлдар, фото және видеоларды шектеусіз жіберу, сондай-ақ тіркелусіз сілтеме арқылы бейнеконференциялар өткізу мүмкіндігі бар.
ORIZ-дің басты артықшылықтарының бірі — оның төмен интернет жылдамдығындағы тиімділігінде. Серверлер мен деректер орталығы ел ішінде орналасқандықтан, пайдаланушылар әлсіз байланыс кезінде де хабарламалар жіберіп, қоңырау шалып және бейнеконференция өткізе алады. Бұл, әсіресе, шалғай аймақтардағы тұрғындар мен шетелдегі тәжік мигранттары үшін маңызды.
Байланыс қызметі мамандарының айтуынша, Oriz мессенджерін құру Тәжікстанның цифрлық егемендігі жолындағы маңызды қадам болып табылады.


















