Талибанның ізгі істер министрі Халид Ханафи әйелдерге тек ерлермен ғана емес, әйелдермен де ашық сөйлесуге тыйым салды.
Еуразия Тудейдің Телеграмдағы BILD арнасындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша Халид Ханафидің мәлімдемесіне сәйкес, кәмелетке толған әйелдерге кәмелетке толған басқа әйелдердің дауыстарын естуге тыйым салынады. Сондықтан әйелдер басқа әйелдердің алдында Құранды дауыстап оқудан да аулақ болғаны жөн.
2021 жылдың тамыз айында Ауғанстанда тәліптер билікті қолға алғаннан бері осы елде әйелдерге білім алуға, қасында ер адам болмаса саяхаттауға және көпшілік алдында, әсіресе ер адамдармен сөйлесуге тыйым салынған.
Оларға саябақтарға баруға, суға түсуге немесе спортпен айналысуға тыйым салынады. Сұлулық салондарына баруға да болмайды.
Әйелдерге арналған баспаналар жабылып, «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы» заңның күші жойылды. Әйелдер «исламға қайшы мінез-құлық» үшін жиі ұрып-соғылып, түрмеге жабылады. Мұндай айып кез келген нәрсеге қатысты болуы мүмкін.












