Тегеран АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қысым көрсету стратегиясын сәтсіз деп санайды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тегеран АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қысым көрсету стратегиясын сәтсіз деп санап, Вашингтонды жанжалды реттеу үшін өз міндеттемелерін орындауға шақырды. Бұл туралы Иран Ислам кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мохаммад Бақер Қалибаф X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
Қалибаф қорқыту, уәдеден таю және жалған ақпарат тарату арқылы қысым көрсету ешқандай нәтиже бермейтінін баса айтып: «Қысым көрсету құралы ретінде қорқыту, уәдені бұзу және жалған ақпарат тарату — сәтсіз стратегия. Сондықтан шындықты мойындап, өз міндеттемелеріңізді орындаңыздар. Бізге артық театр қойылымының қажеті жоқ», – деп жазды.
Сондай-ақ Ислам кеңесі Мәжілісінің төрағасы Дональд Трамптың соңғы уақыттағы бірде Иранға жаппай шабуыл жасалатынын айтып, енді бірде Тегеранның келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдейтін мәлімдемелері бір-біріне қайшы келетінін атап айтты.
Мохаммад Бақер Қалибаф: «Бұл қайта-қайта қайталанатын театрланған дипломатия», — деді. Дональд Трамп жұмаға қараған түні Иранмен арадағы жанжалды реттеу жөніндегі келіссөздердің барысына көңілі толатынын айтып, келісімге жақын арада қол жеткізілетініне сенім білдірді. АҚШ президенті Ақ үйде журналистерге: «Меніңше, бәрі жуық арада аяқталады. Себебі Иранның текетіресті ұзақ уақыт жалғастыруға шамасы жетпейді», — деді.
Алайда, бұған дейін Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында Тегеран жақын уақытта Ормұз бұғазын ашуы тиіс екенін, болмаса АҚШ әскері Иранға күшті соққы жасайтынын мәлімдеген болатын.

















