Иран астанасы Тегеран қаласында экономикалық мәселелер бойынша “Иран-Еуразия” стратегиялық форумы өтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тегеран Сауда палатасы “Сауда, дипломатия және жаңа аймақтық жүйе” тақырыбына арналған “Иран-Еуразия” стратегиялық төртінші форумын 22 қазан күні Тегеранда өткізеді.
Шара Еуразиялық экономикалық одақ нарығына ирандық компаниялардың шығуын жеңілдету үшін жаңа технологиялар мен тиімді стратегияларды қолдануға арналады.
Аталмыш шара Иран мен Еуразиялық одақ арасындағы Еркін сауда туралы келісім күшіне енгеннен кейін ұйымдастырылып отыр.
Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Иран арасындағы толыққанды Еркін сауда туралы келісім 2025 жылдың 15 мамырында күшіне енді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумға саясаткерлер, жекеменшік сектор жетекшілері, экспортқа бағытталған бірлестіктер, жетекші компаниялар, ғалымдар мен сарапшылар қатысады. Олар Еркін сауда туралы келісімнің практикалық қырларын талқылап, экспорт пен инвестиция үшін мүмкіндіктер мен тәуекелдерді бағалайды.
Форум барысында саудада жаңа технологияларды қолдану және Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстан нарықтарына шығудың тиімді стратегияларын әзірлеу тақырыптары талқыланады.



















