Иран астанасы Тегеран қаласында “Солтүстік – Оңтүстік” стратегиялық көлік дәлізін іске қосу жұмыстарын жеделдету мәселесі талқыланды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл тақырыпты Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани мен Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Виталий Савельев Тегеран қаласында Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі хатшылығында өткен кездесу барысында талқылады.
Келіссөз бұған дейін екі ел президенттері арасындағы жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды дамыту аясында жүргізілді. Кездесуде талқыланған негізгі тақырыптардың бірі қолданыстағы кедергілерді жою және жобаны іске асырудың практикалық кезеңіне көшу болды.
Тараптар “Солтүстік – Оңтүстік” дәлізін аймақтың геосаяси сәулетін айқындайтын негізгі фактор ретінде сипаттады.
Әли Лариджани кездесу барысында Ислам Республикасы дәлізді пайдалануға беру жөнінде түпкілікті шешім қабылдағанын мәлімдеп: “Ең қысқа мерзімде атқарушылық және институционалдық барлық кедергі мүмкіндігінше жойылып, дәліз мәртебесін құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан бекіту үшін қажет келісімдер жасалады”, – деді. Лариджани сондай-ақ Иран Президенті Масуд Пезешкианның тапсырмасына тоқталып, бұл үдеріс атқарушы билік басшысының жеке бақылауында екенін айтты.
Оның сөзінше, Үкімет дәліз бағыты бойында орналасқан барлық жер телімін сатып алу рәсімін ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Виталий Савельев Иран тарапының ұстанымын құптап, Мәскеудің жобаны іске асыруды жеделдетуге дайын екенін баса айтты.
Тегеран мен Мәскеу келіссөз қорытындысы бойынша “Солтүстік – Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізінің екі елдің орнықты ынтымақтастықты нығайту және тәуелсіз өңірлік бағыттар құру жөніндегі ортақ стратегиясының бір бөлігі екенін растады. Келіссөзде жоғары деңгейде тұрақты мониторинг тетіктерін жандандыру және екі елдің салалық ведомстволары арасында тұрақты үйлестіруді қолдау туралы шешім қабылданды.



















