Мемлекет басшысы Бакуге жұмыс сапары барысында Әзербайжан Президентімен кездесті.
Ақорданың хабарлауынша Қасым-Жомарт Тоқаев Илхам Әлиевпен кездесуде Бакуді «Каспий өңірінің інжу-маржаны», әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі деп атады.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Илхам Әлиев пен бауырлас Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтады. Президент мұның айтулы оқиға екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Әзербайжан Президенті СПЕКА саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Әлиев Әзербайжан мен Қазақстанда дос, бауырлас әрі серіктес елдер деп атап, Қазақстан Президентін келесі жылы Әзербайжанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары Каспий теңізінің табанымен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ энергетика мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы перспективті жобаларды жүзеге асыру сияқты маңызды бағыттарда бірлескен жұмыстарды жандандыру мүмкіндіктерін талқылады.
Бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға баса мән берілді. Жуық арада Қазақстанда Әзербайжанның, ал Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады.



















