Астанада Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған іс-шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңесі өтті.
ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен өткен кеңеске қорғаныс, мәдениет және ақпарат, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар министрліктерінің, облыстық әкімдіктердің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның және Ауғанстандағы ұрыс қимылдары ардагерлері қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Ауған соғысы ардагерлеріне жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге және әскери қызметтің беделін арттыру ісіне қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, мемлекеттің тағдыры, оның бүгіні мен болашағы өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу деңгейіне байланысты екенін атап өтті.
Ол біздің көптеген отандастарымыздың Ауғанстандағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысып, өздерінің әскери борышын абыроймен орындағанын атап өтті.
Отырыста Денсаулық сақтау министрлігінің Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталі директорының орынбасары Серік Шахметов 2024 жылы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне атаулы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібін жеткізді.
Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанының 35 жылдығын мерекелеу кезеңінде ақпараттық-имидждік жұмысты ұйымдастыру мен өткізу туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма бастығы Ербол Рүстемов баяндады.
Отырыс барысында Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге табысталатын ескерткіш белгілер эскиздерінің тұсаукесері өтті.
Айта кетейік, 1979-1989 жылдар аралығындағы Ауғанстандағы әскери қақтығысқа қазақстандықтар кеңестік әскери контингент құрамында қатысты. Ауғанстандағы соғысқа қатысқан отандастарымыздың саны 22 мыңнан асады. Олардың 947-і жат жерде қаза тапты.



















