Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың солтүстік-батысында болған жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айтты.
Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Президент Тоқаев көңіл айту жеделхатында Қытайдың Ганьсу провинциясында болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген азаматтың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын айтып, Қытай халқының қайғы-қасіретіне қазақстандықтардың ортақ екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы зілзала кезінде зардап шеккен жандардың тез арада сауығып, із-түссіз жоғалған азаматтардың отбасыларына аман-есен оралуына тілектестік білдірді.
Айта кетейік, желтоқсанның 18 күні Қытайда магнитудасы 6,2 балдық жер сілкінісі тіркелді.
Ганьсу провинциясында 113 адам көз жұмып, 536 адам зардап шекті, ал Цинхай провинциясында 13 адам қаза тауып, 182 адам зардап шекті. Сонымен қатар 20 адам хабар-ошарсыз кетті.



















