Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Дабидің орнықты даму аптасы» саммитінің жұмысына қатысады.
Еуразия Тудейдің Ақордаға сілтеме жасап хабарлауы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14-15 қаңтар күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның шақыруымен «Абу Дабидің орнықты даму аптасы» саммитінің жұмысына қатысады.
Ақорданың мәліметіне сәйкес, ADSW 2023 – орнықты даму үдерісіне халықаралық күш-жігерді қолдауға бағытталған БАӘ-нің жаһандық бастамасы.
Абу Даби саммиті – азық-түлік пен су ресурсы қауіпсіздігі, энергияға қолжетімділік, өнеркәсіпті көміртегінен арылту, денсаулық сақтау және климаттағы өзгерістерге бейімделу сияқты ауқымды әрі өте маңызды мәселелерге арналған биылғы алғашқы халықаралық форум.
Жиынның мақсаты – жаһандық қоғамдастықты біріктіретін және түрлі мәселелерде, жаңашыл серіктестік қатынастар мен инновациялық шешімдерде келісімге қол жеткізу үшін конструктивті диалогқа жол ашатын орнықты даму саласының күн тәртібін қалыптастыру және COP28 конференциясына тың серпін беру.












