Қазақстан Президенті мен Токио губернаторы цифрлық технология, инновация, халықаралық қаржы және білім беру секілді негізгі салаларда серіктестік орнату мүмкіндігін қарастырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 22 мамырда Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдады.
Президент Токио губернаторының сапары Қазақстан мен Жапония арасында орнаған кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын, мұның символдық мәні бар екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Юрико Коикэнің жетекшілігімен Токио әлемдегі ең қауіпсіз, таза әрі тиімді басқарылатын мегаполистердің біріне айналғанын айтты.
Президент Жапонияға былтыр жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алып, соның нәтижесінде екіжақты қарым-қатынас жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Токионың «Ақылды қала» бағдарламасымен танысқанын, бұл қызығушылық тудырғанын айтып: “Себебі елімізде де Smart City тұжырымдамасын ілгерілетіп отырмыз. Сіздің Астанаға келген сапарыңыз пайдалы боларына сенімдімін. Өйткені біз ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және мегаполисті басқару тәжірибесін зерделеуге ынталымыз”, – деді.
Токио губернаторы Мемлекет басшысына қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді.
“Сіздің көшбасшылығыңызды, сондай-ақ экономикалық өсім, жасанды интеллект, цифрландыру және инвестиция тарту бағыттарын дамытуды көздейтін іргелі реформаларыңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан өңірдегі экономикасы ірі, ресурсы мол ел ретінде Еуропа мен Азияны жалғайтын Орталық Азиядағы басты хаб рөлін нығайтып келеді, – деді Юрико Коикэ.
Президент пен губернатор цифрлық технология, инновация, халықаралық қаржы және білім беру секілді негізгі салаларда серіктестік орнату мүмкіндігін қарастырды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы достық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
















