Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау мәселесіне қатысты ұстанымы берік екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы 28 тамызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкіл Изуми Накамицуды қабылдауда айтты.
Кездесу барысында аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау ісінде Қазақстанның БҰҰ институттарымен жан-жақты ықпалдастығының перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысының орынбасарына ілтипат білдіре отырып, Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемаларын шешуде айрықша рөл атқаратынын және оның орнын ешқандай құрылым алмастыра алмайтынын баса айттын
– Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау мәселесіне қатысты ұстанымы берік. Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалар тұрғысынан алғанда, бұл мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығы арта түсті. Мұның алаңдаушылық туғызатыны сөзсіз. Ертең біз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтеміз. Бұл – бүкіл адамзат баласына ядролық сынақ жүргізудің әрі ядролық қару қолданудың қауіпті екенін еске салатын өте маңызды дата. Еліміз БҰҰ институттарымен тығыз байланыс орнатуға бейіл әрі Ұйымды баламасы жоқ, әмбебап халықаралық құрылым ретінде қарастырады, – деді Президент.
Өз кезегінде Изуми Накамицу Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдерісте көшбасшылығын жоғары бағалады. Сондай-ақ, еліміздің орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын ерекше атап өтті.
















