Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэла Президенті Николас Мадуроны өзара ықпалдастықты талқылау үшін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы Мәскеуде Венесуэла Президенті Николас Мадуромен кездесуде айтты.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жайында баяндады. Президент Қазақстаннан майданға 1,2 миллион адам аттанып, олардың жартысы ерлікпен қаза тапқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэланы еліміздің маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар белгілі себептерге байланысты осы уақытқа дейін екіжақты ынтымақтастық ойдағыдай өрістемегеніне назар аударды. Осы орайда Николас Мадуроны өзара ықпалдастықты талқылау үшін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Венесуэла Президенті екі ел арасындағы байланыстардың жай-күйін пысықтауға мүмкіндік туғанына қуаныш білдірді.
Әңгімелесу барысында экономикалық қарым-қатынасты дамытуға, соның ішінде энергетика саласындағы ынтымақтастыққа мән берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша сауда-саттықты жандандыру мақсатында экспортқа лайық өнімдердің тізбесін әзірлеу және өзара алмасу, екі елдің іскерлік орталары арасында нақты ықпалдастық орнату жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.












