АҚШ президенті Дональд Трамп Израильмен бірлесіп Иранға қарсы жүргізіліп жатқан әскери қимылдарды 9 сәуірде тоқтатуды ниет етіп отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, соңғы екі күнде Таяу Шығыстағы қақтығыстарды реттеу бойынша Иранмен өте нәтижелі келіссөз жүргізілгенін жариялаған Дональд Трамп әскери іс-қимылдарды шамамен 21 күннен кейін тоқтатуды көздеуде.
Бұл туралы Израильдің жоғары лауазымды өкілі Едиот Ахронот басылымына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, АҚШ пен Иран арасындағы келіссөз осы аптада Пәкістанда өтеді деп күтілуде.
Вашингтон әкімшілігі Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мохаммад Бақер Қалибафпен байланыста екенін мәлімдеді.
Мұның алдында Дональд Трамп Иранмен келіссөз жүріп жатқанын хабарлады.
Иранның да АҚШ-пен келісімге келгісі келетінін айтқан Трамп бүгін ирандық тараппен телефон арқылы сөйлесуі мүмкін екенін айтты. АҚШ президенті соңғы екі күн ішінде елінің Иранмен Таяу Шығыстағы қақтығыстарды шешу бойынша өте жемісті келіссөз жүргізіп жатқанын алға тартты.
Трамп: «Мен Қорғаныс министрлігіне Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымына жасалатын кез келген әскери шабуылды бес күнге шегеру туралы бұйрық бердім»,- деді.
Алайда, Иран Трамптың келіссөз туралы мәлімдемесін жоққа шығарды.
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мохаммад Бақер Қалибаф пен Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи келіссөз жүріп жатқаны туралы ақпаратты теріске шығарды.
Трамптың мәлімдемелері шындыққа жанаспайтынын айтқан Қалибаф: «АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізілген жоқ. Жалған ақпараттар қаржы және мұнай нарықтарын манипуляциялау үшін, сондай-ақ АҚШ пен Израильді өздері батқан батпақтан шығарып алу үшін қолданылып жатыр»,-деді.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Бақайи Иран мен АҚШ арасында делдалдар арқылы хабарламалар алмасу болғанын, алайда ешқандай тікелей келіссөз жүргізілмегенін атап айтты.
Айта кетейік, мұның алдында Трамп егер Иран 48 сағат ішінде Ормұз бұғазын толық ашпаса, елдің электр станцияларына шабуыл жасалатынын айтып, сес көрсеткен болатын. Иран кез келген шабуылға аймақтағы энергетикалық нысандарға қарсы шабуылдаумен жауап қататынын ескертті.
















