АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранда шығарылатын шабуылға арналған ұшқышсыз ұшақтардың сапасын жоғары бағалады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Дональд Трамп Дохада АҚШ пен Қатар іскер топтарының өкілдерімен кездесуінде айтты.
Трамп Иранның ұшқышсыз ұшу аппараттарын “өте жақсы, жылдам, өлімге әкелетін әрі қорқынышты” деп атады.
АҚШ Президентінің айтуынша, ирандық ұшқышсыз ұшақтардың құны 35-40 мың доллар аралығында. Олардың ұрыс даласында тиімділігі жоғары.
Трамп америкалық компаниялардың біріне осындай ұшқышсыз ұшақтарды жасауды тапсырғанын, алайда екі аптадан кейін құны 41 миллион доллар болатын ұшқышсыз ұшақ жасау туралы есеп алғанын айтты.
Президент Трамп: “Мен оларға 41 миллион доллар болатын ұшқышсыз ұшақ емес, құны 35-40 мың доллар болатын ұшқышсыз ұшу аппараттары қажет екенін айттым”,- деді.
АҚШ Иранның ұшқышсыз ұшақтары сияқты тиімді әрі арзан ұшқышсыз ұшақ шығаруды көздеп отыр.
Иран барлау және шабуылдау ұшқышсыз ұшақтарының кең ауқымына ие.



















