АҚШ Президенті Дональд Трамп көптеген елдерге енгізілген қосымша баж салығын 90 күнге тоқтату туралы шешім қабылдады.
Еуразия Тудейдің DW басылымына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Дональд Трамп бұл кезеңде 10 пайыздық тариф күшінде қалатынын мәлімдеді. Ол бұл туралы 9 сәуір, сәрсенбі күні Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
АҚШ Президенті 90 күндік жеңілдетілген тарифтер қай елдерге қатысты қолданылатыны жайлы нақты ақпарат бермеді.
Алайда, ол әлемнің 75-тен астам елі АҚШ-пен сауда келісімдері бойынша бейбіт келіссөздер жүргізуді бастағанын және олардың АҚШ-қа қарсы ешқандай әрекет етпейтінін айтты.
Сонымен қатар, Трамп Қытайдан келетін импортқа салынатын тарифтер бұдан былай 104 пайыздан 125 пайызға дейін көтерілетінін айтты. Трамп Қытайды “әлемдік нарықтарға құрмет көрсетпей отыр” деп айыптады.
Айта кетейік, АҚШ Президенті Дональд Трамп 4 сәуір күні әлем елдерінің көпшілігіне кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Оның бұл шешімі саясаткерлер мен экономистердің сынына ұшырады. Сонымен қатар, мұнай бағасы да күрт төмендеді.
Трамптың әлемнің көптеген еліне жаңа сауда тарифтерін енгізу туралы шешімі оның сауда саясатындағы ең басқыншы әрі ең ауыр салдары бар қадам болды.
Трамптың бұл әрекетіне жауап ретінде бірқатар ел АҚШ өнімдеріне баж салығын көтеретінін мәлімдеді.
Соның ішінде Қытай АҚШ-тан әкелінетін барлық өнімге баж салығын 84 пайызға дейін ұлғайтты. Еуропа Одағы бірқатар америкалық тауарларға 10 пайыздан 25 пайызға дейін тариф енгізу жөнінде келісімге келді.



















