Түркіменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередов пен Қазақстан елшісі Асқар Тәжібаев Ашхабадтағы миссиясының аяқталуына орай кездесу өткізді.
Еуразия Тудейдің Түркіменстан СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кездесу барысында тараптар ағымдағы жағдайды және екіжақты қатынастарды дамыту әлеуетін талқылады. Сонымен қатар кездесуде саяси, экономикалық және мәдени салаларды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың негізгі салаларына ерекше назар аударылды.
Әңгіме соңында Рашид Мередов қазақстандық дипломатқа екі мемлекет арасындағы байланысты нығайтудағы күш-жігері үшін алғысын білдіріп, оған одан әрі кәсіби табыс тіледі.
Өз кезегінде Асқар Тәжібаев Түркіменстандағы дипломатиялық миссиясы барысында көрсеткен қолдауы үшін түркімен тарапына алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Асқар Тәжібаев Қазақстан Республикасының Түркіменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды.



















