Түркия Аустралияның Сидней қаласындағы Ханука мерекесі кезінде жасалған лаңкестік шабуылды қатаң айыптады.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Түркия Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылған. Түркия Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың отбасылары мен Аустралия халқына көңіл айтып, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі.
Мәлімдемеде: “Түркия лаңкестіктің барлық түрі мен көрінісіне қарсы принципті ұстанымы мен осы жаһандық қауіппен күрестегі ынтымақтастыққа бейілділігін растайды”, -деп жазылған.
Айта кетейік, Аустралияның Сидней қаласындағы Бонди-бич жағажайында орын алған шабуыл салдарынан 15 адам қаза тауып, 40 адам, соның ішінде екі полиция қызметкері жарақат алды. Түркиядан бөлек, Сиднейдегі лаңкестік шабуылды Иран, Ливан, Ирак, Қатар, Иордания және Біріккен Араб Әмірліктері де қатаң айыптады.



















