Түркия АҚШ Президенті Дональд Трампты Иран мәселесінде дипломатиялық жолды ұстануға шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Reuters агенттігіне мәлімдеді.
Хакан Фидан АҚШ Президенті Дональд Трамптың Иранға әскери соққы беру туралы мәселесін шешу үшін дипломатия қажет екенін және Анкараның Иранға қарсы ешқандай шабуылды қаламайтынын айтты.
Фидан: “Біздің аймақ тұрақсыздықтың көзі болып табылатын тағы бір соғыстың болуына жол бере алмайды. Мұндай шабуыл болған жағдайда оның қаншалықты ушығатынын білмейміз. Сондықтан, біз АҚШ-тың Иранға шабуыл жасағанын қаламаймыз. Біз бұрынғыдай екі тарап пен мүдделі тараптар жүргізіп келе жатқан бейбіт келіссөзді көргіміз келеді”, — деді.
АҚШ Президенті Дональд Трамп 7 наурызда Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиге ядролық бағдарлама бойынша келіссөз жүргізу туралы ұсыныспен хат жолдағанын хабарлады. Тегеран Вашингтонмен тікелей келіссөз жүргізуден бас тартып, келіссөзді делдалдар арқылы жүргізу туралы ұсыныс жасады.
АҚШ Президенті Дональд Трамп 30 наурыз күні Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөзде ілгерілеушілік болмаса, екі аптадан кейін Иранға қосымша баж салығын енгізетінін айтты. Трамп сонымен қатар, Ислам Республикасы келісімге қол қоюдан толық бас тартқан жағдайда бұрын-соңды болмаған бомбалауға тап болатынын айтып, сес көрсетті.
Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи Трамптың қоқан-лоққыларына жауап беріп, АҚШ-тың сырттан шабуыл жасау мүмкіндігіне сенбейтінін, алайда Вашингтон Ислам Республикасында бүлік шығаруға тырысса, қатаң жауап алатынын ескертті.
















