Тунис газалықтарға гуманитарлық көмек ретінде 14 тонна азық-түлік тиелген әскери ұшақ жіберді.
Еуразия Тудейдің Tunis Afrique Presse ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кеше, бейсенбі күні Палестина халқы үшін 14 тонна азық-түлік тиеген әскери ұшақ Тунистегі әл-Ауина әскери әуежайынан Мысырдың әл-Ариш халықаралық әуежайына аттанды.
Тунис президентінің кеңесшісі Мұстафа Ферджанидің айтуы бойынша, шара Мысыр елімен үйлестіріліп, Тунистің Каирдегі елшілігі арқылы жүзеге асырылды.
Сондай-ақ, Мұстафа Ферджани Палестина халқын қолдау үшін гуманитарлық көмек алдағы күндері де жалғасатынын атап өтті.
Мысырдың әл-Ариш әуежайы арқылы гуманитарлық көмек Газа секторының тұрғындарына жеткізілуі керек.
Ферджанидің айтуынша, азық-түлік көмегін Газа секторына жеткізу Палестина халқы бастан кешіп жатқан блокаданың ауыртпалығын жеңілдетуге көмектеседі. Тунис президентінің кеңесшісі елінің палестиналықтарға Израильдің оккупациялық күштері жасаған әскери қылмыстарға қарсы күресте шексіз қолдау көрсетуді жалғастыратынын мәлімдеді.
Тунистегі Қызыл жарты ай басшысы Абделлатиф Чабу Палестина халқын қолдау үшін гуманитарлық көмектің республика Президентінің нұсқауымен жіберілгенін, алдағы күндері Палестина халқына көптеген дәрі-дәрмек те жіберілетінін айтты.
Тунис Газа секторында жасалған қылмыстарды бірнеше рет айыптап, Палестина халқымен ынтымақтастығын білдірді.



















