ҚР Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың қазақ тілін «Француз тілі ме?» деген сұрағына түсініктеме беруді талап етті.
Еуразия Тудейдің ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша министрлік футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериалға байланысты жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады.
Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілді.
Хатта сонымен қатар: «Біз мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шара қолданылуы керек деп санаймыз.
Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясы Министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз.
Осы жазба арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақырамыз», -деп жазылған.
Айта кетейік, кешеден бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кең таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызды.
Онда Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіге: «Сен қазір француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?» деді.












