Иран мұнайының Ресей мұнайымен ұқсастығы оны үндістандық сатып алушылар үшін экономикалық жағынан тартымды балама ете алады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы энергетика саласының маманы Һашем Ораи мәлімдеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы санкцияларының қайтарылуы Иранның мұнай секторына кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық бар. Тегеран өзінің тұрақты сатып алушысы Қытайдан айырылуы ықтимал. Себебі, Бейжің АҚШ-пен қақтығыстан аулақ болуға тырысады.
Сарапшының пікірінше, Ресейдің Иранның мұнай өндіру көлемінің өсуін қолдауы екіталай. Себебі, бұл екі ел де Үндістан мен Қытай сияқты Азия нарықтарына тәуелді. Мұндай жағдайда Иран нарықтағы үлесін арттыруы мүмкін.
Бұған дейін Үндістан Ресей шикізатына балама ретінде Иран мен Венесуэладан мұнай сатып алуға рұқсат сұрады. Сарапшылардың айтуынша, бұл үш елден мұнай жеткізілімдерінің қысқаруы әлемдік бағаның өсуіне әкелуі мүмкін.
Үндістан 2025 жылдың маусым айында Ираннан 111 миллион долларға мұнай импорттады. Бұл 2018 жылдан бергі алғашқы жеткізілім болды. 2018 жылы АҚШ-ның қысымымен импорт тоқтатылды. Сонымен қатар, Үндістан қаңтар-шілде аралығында Ираннан құны 94 миллион болатын мұнай өнімдерін де импорттады. Иранның мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы экспорты 205 миллион долларды құрады.
Үндістан тәулігіне 4,7 миллион баррель шикі мұнай тұтынады. Оның шамамен 40 пайызы Ресейден келеді. Импорт көлемін қысқарту 2 миллион баррель тапшылығын туындатады.
Бұл Иран мен Венесуэла үшін тиімді, өйткені олар жеңілдікпен мұнай ұсына алады.
Техникалық тұрғыдан алғанда, ирандық мұнайдың ауыр сорттары тығыздығы мен күкірт мөлшері жағынан Ресейдің Urals маркасына ұқсас. Бұл оны Үндістан мұнай өңдеу зауыттарында қосымша өңдеусіз пайдалануға мүмкіндік береді.


















