Иран халқы елінің ұлттық қауіпсіздігі мәселесінде ешқашан ымыраға келмейтінін растады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран діни жетекшісінің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Велаяти мәлімдеді.
Әли Акбар Велаяти X әлеуметтік желісіндегі аккаунтында: “Мықты әрі ежелгі Иран халқының тарихы осы халықтың ұлттық қауіпсіздік мәселесінде ешқашан ымыраға келмейтінін көрсетті”,- деп жазды.
Велаяти бұл жөнінде өткен аптада Армения Сыртқы істер министрінің орынбасары Ваан Костанянмен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында Велаяти Иранның қауіпсіздігіне қарсы бағытталған әрекеттерді қабылдамайтынын баса айтты.
Костанян кедесуде аймақтағы соңғы оқиғалар мен Вашингтонда өткен келіссөзге тоқталып, екі ел арасындағы тарихи байланыс пен тату көршілік қарым-қатынасты сақтау қажеттігін қуаттады.
Сондай-ақ, ол Иранмен достық қарым-қатынас пен тарихи байланысты бағалайтынын қуаттады.
Велаяти екіжақты ынтымақтастықтың кеңеюін құптап: “Иран Ислам Республикасы көршілес елдер арасында тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікке ұмтылады. Иран Әзербайжан мен Армения арасында бейбітшіліктің орнауына басқа елдерге қарағанда көбірек көңіл бөледі.
Иран Кеңес Одағы ыдырап, аймақ елдері тәуелсіздік алғаннан кейін Әзербайжан мен Армения арасында бейбітшілік орнату үшін қадам жасаған бірінші ел болды. Мен Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген кезімде осы бағытта бар күш-жігерімді салдым”, — деді.
Сонымен қатар, Иран діни жетекшісінің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Велаяти аймақтың тағдырын тек аймақ елдері шешуі керектігін баса айтты.
















