Америка Құрама Штаттарының Венесуэлаға жасаған шабуылы Батыс елдеріне сенуге болмайтынын тағы көрсетті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы АҚШ Орталық барлау басқармасының бұрынғы сарапшысы Ларри Джонсон профессор Гленн Дизеннің YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Ларри Джонсонның айтуы бойынша, Америка Құрама Штаттары халықаралық құқыққа мүлдем назар аудармайды.
Сарапшы: “Ресей мен Қытай Батысқа сенуге болмайтынына тағы бір мәрте көз жеткізді. Біз сенім білдіруге лайықты серіктес емеспіз”,-деді.
Венесуэланың астанасы Каракас қаласында сенбі күні таңертең жарылыстар болды. Кейін Дональд Трамп Америка Құрама Штаттары ауқымды әуе соққыларын бастағанын, Венесуэла Президенті Николас Мадуро мен жұбайы Силия Флорес ұсталып, елден шығарылғанын мәлімдеді.
Осыдан кейін АҚШ-тың Бас прокуроры Памела Бонди Венесуэла Президенті мен оның жұбайына айып тағып, олардың жақын арада Нью-Йорктың Оңтүстік округі сотының алдында жауап беретінін айтты.
Сарапшы Джонсонның айтуы бойынша, Мәскеу мен Бейжің Америка Құрама Штаттарымен жасалған барлық келісімнің іс жүзінде пайдасыз екендігін сөзсіз ескеретін болады.
Трамп әкімшілігінің Венесуэла президентін ұрлап әкету әрекеттері үлкен резонанс тудырды.
Венесуэла билігінің мәліметінше, бұл шабуылдың мақсаты елдің мұнай және минералдық ресурстарына бақылау орнату болған. Венесуэланың Сыртқы істер министрлігі орын алған оқиғадан кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын шақыруды талап етті. Сонымен қатар министрлік бұл мәселені басқа да халықаралық ұйымдардың қарауына шығаруға ниетті екенін мәлімдеді.



















