Ресей президенті Владимир Путин 2026 жылы жазда Иранға сапармен баруы мүмкін.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Ислам республикасының Мәскеудегі елшісі Казем Джалали мәлімдеді.
Елшінің айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин Иранға Каспий саммиті кезінде баруы мүмкін.
Джалали ирандық SNN агенттігіне: «Қазіргі уақытта Путин мырзаның алдағы бірнеше ай ішінде Иранға сапары жоспарда жоқ. 2026 жылғы Каспий саммитін Иранда өткізу туралы ұсыныс жасалды. Қазір біз елдермен датаға қатысты консультация жүргізіп жатырмыз, егер бұл саммит мақұлданса, Путин мырзаның Иранға сапары келесі жылы мордад айында (шілде-тамыз – ред.) өтеді», — деді.
Еске салайық, мұның алдында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу Теһранның 2026 жылы 12 тамызда Иранда 7-ші Каспий саммитін өткізу туралы ұсынысын оң деп санайтынын мәлімдеген.
















