Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров 20 тамызда Будапештке барған жұмыс сапары аясында Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанмен кездесті. Бұл туралы Қырғыз Республикасы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Осы мәлімет бойынша кездесуде қырғыз-венгр стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелері, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды.
Виктор Орбан қырғыз-венгр ынтымақтастығын тереңдету туралы айта келе, Қырғызстан мен Венгрия халықтарын жақындастыру үшін екі мемлекеттің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ашу қажеттігін айтты.
Венгрия Премьер-Министрі білім саласындағы ынтымақтастыққа да назар аударып, Венгриядағы жетекші университеттерде қырғызстандық студенттердің квота бойынша білім алып жатқанын ризашылықпен атап өтті.
Экономикалық қарым-қатынастарға тоқталған Садыр Жапаров Венгриямен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту Қырғызстан үшін басымдық болып табылатынын баса айтты.
Тараптар екі тарап арасындағы стратегиялық әріптестік алдағы уақытта да өзара іс-қимылдың барлық салаларында нығайып, кеңейетініне сенім білдірді.
Айта кетейік, мұның алдында Садыр Жапаров биыл ақпан айында да Венгрияға сапармен барған болатын.
Бұл жолы Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан Президент Садыр Жапаровты жылы Венгрияның басты ұлттық мерекесіне және жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының ашылуына арналған мерекелік іс-шараларға қатысу үшін еліне сапармен келуге шақырған болатын.
Садыр Жапаров та Премьер-министр Виктор Орбанды өзіне ыңғайлы уақытта Қырғызстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
20 тамызда Венгрия астанасы Будапешттегі Ұлттық атлетика орталығында жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының ерлер арасындағы финалдық жарысы өтті.
Венгрия астанасына келген шетелдік меймандардың қатарында Әзірбайжан басшысы Илһам Әлиев, Түркіменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов, Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев, Катар Әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Тани және тағы елдердің жоғары лауазым иелері болды.



















