Жогорку Кенеш отырысында Қырғызстан парламентінің депутаттары уақыт белдеуін өзгерту мәселесін көтерді.
Депутат Миргуль Темирбаева «Баткен таңы» газетінің бас редакторы Адылбек Акматов пен баткендік дәрігер Нуралы Койлубаевтың сағат тілін 1 сағатқа кейінге ауыстыру туралы бастамасына назар аудартты.
Сонымен қатар депутат әлеуметтік желіде көптеген азаматтың бұл ұсынысқа қолдау білдіріп жатқанын атап өтті.
Миргуль Темирбаеваның пайымынша, бұл бастама ең алдымен ел азаматтарының психологиялық денсаулығын сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар, шешім арқылы оқу орнына және балабақшаға бару үшін ерте тұратын балалар мен студенттердің денсаулығына тиетін теріс әсерден арылуға болады.
Сондай-ақ, ұсынылып отырған шара электр энергиясын үнемдеп, сол арқылы экономикаға да үлес қосады.
Депутат Миргуль Темирбаева Жогорку Кенеш төрағасынан министрлер кабинетіне Қырғызстанда сағат тілін 1 сағатқа кейінгі ауыстыру мәселесін қарау бойынша хаттамалық тапсырма беруді өтінді.
Депутат Суйунбек Омурзаков та бұл шешімді қолдап, мемлекеттік органдарға ғалымдармен бірге елдегі сағат белдеуін өзгерту мәселесін қарастырып, шешім қабылдауды ұсынды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда да осындай бастама көтерілген болатын. Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл Қостанай облысының сағат белдеуін ауыстыру мәселесін көтерді.











