Қырғызстанда энергетикалық сусындарды жарнамалауға тыйым салынды. Бұл туралы елдің экономика министрлігі хабарлады, деп жазады ақпарат тілшісі.
Қырғызстанда энергетикалық сусындарды жарнамалауға тыйым салу туралы тиісті заңға ел президенті Садыр Жапаров қол қойды.
Қырғызстан билігі энергетикалық сусындарды тұтыну денсаулыққа зиян екенін ескертіп: «Олардың құрамында қант пен кофеиннің көп болуына байланысты денсаулыққа қауіпті»,-дейді.
«Энергетикалық сусындарды ішкен кезде қандағы қанттың жоғарылауы және қан қысымының жоғарылауы қаупі бар, бұл әсіресе кәмелетке толмағандар үшін өте қауіпті. Бір энергетикалық сусында 27 қасық қант болады. Егер адам бұл сусындарды күн сайын және бірнеше рет қолданса, қант диабеті немесе басқа да ауруларға дұшар болуы ықтимал.
Энергетикалық сусындарда тітіркенуді, алаңдаушылық, ұйқысыздық, жүрек соғуын және басқа да жағымсыз жағдайларды тудыратын стимуляторлардың жеткілікті мөлшері бар. Мұндай сусындарды шамадан тыс тұтыну жүрек-тамыр және жүйке жүйесінің, асқазан-ішек жолдарының ауыр ауруларына әкелуі мүмкін. Энергетикалық сусынға қолданылатын стимуляторлар тәуелділік туғызады»,- дейді экономика министрлігі.
Айта кетсек, бұған дейін Қырғызстанда ел азаматтарының денсаулығын сақтау, энергетикалық сусындарды тұтынудың салдарынан туындайтын ауруларды азайту мақсатында депутаттар энергетикалық сусындарды әкелуге, өндіруге және сатуға толық тыйым салуды ұсынып, тиісті заң жобасы қоғамдық талқыға шығарылған болатын.




















