Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бейжіңге жұмыс сапары аясында ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесіп, мәдени орталық ашу жобасын талқылады.
Аида Балаева Қытайдағы Қазақстан орталығын ашуда ғимарат таңдауға қатысты ұйымдастырушылық мәселелерін сапалы жүзеге асыру мақсатында негізгі аспектілерді пысықтады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауы бойынша, орталық қызметінің басты бағыты музей және кітапхана ісі, музыка және кино өнері, тіл үйрету т.б. болады деп жоспарлануда.
Аида Балаева Қазақстан үшін Қытайдан мұрағат материалдары мен мәдени мұраны қайтарудың маңызын атап өтті.
ҚХР Мәдениет және туризм министрі орталықтың ашылуына қатысты барлық мәселені жедел шешуде қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Сунь Ели Қазақстанның Қытаймен барлық сала бойынша тығыз қарым-қатынас орнатқан стратегиялық одақтасы әрі сенімді серіктесі екенін айтты.
Кездесуде тараптар екі ел арасындағы татулықты одан әрі нығайтуға, өзара ынтымақтастықты дамытуға және екі ведомство байланысын одан әрі арттыруға уағдаласты.













