17-18 қазанда Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» үшінші халықаралық форумы өтеді.
Бұл туралы сәрсенбі күні Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин мәлім етті.
ҚХР СІМ сайтында жарияланған хабарламаға сәйкес, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин форумның ашылу салтанатына қатысып, негізгі баяндама жасайды, сондай-ақ форум қонақтары үшін құттықтау банкетін және екіжақты іс-шараларды өткізеді.
Сонымен қатар Си Цзиньпин шараға қатысушы мемлекет басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді.
Бұған дейін жобаны қолдаушылардан бөлек Ресей және Сербия президенттері Владимир Путин мен Александр Вучич форумға қатысатындарын растаған болатын.
2013 жылы Си Цзиньпин ұсынысымен қабылданған және 150 ел мен халықаралық ұйымдар қолдаған «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасының мақсаты — көптеген елдермен және мүдделі мемлекеттермен халықаралық сауда және инвестициялық жобаларды белсендіру.
«Бір белдеу, бір жол» форумы алғаш рет 2017 жылы мамырда Бейжіңде, ал екіншісі Қытай астанасында 2019 жылдың сәуірінде өтті.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы 2013 жылы басталған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» мен «ХХІ ғасырдағы теңіз Жібек жолы» жобаларын біріктіреді.



















