Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстанға сапары барысында Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен кездесу өткізді.
Бұл туралы ӨР СІМ Бахтиёр Саидов Телеграм каналында жазды: «Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесуіміздің күн тәртібі ауқымды және оқиғаға толы болды. Біз жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды, соның ішінде өзара сауда көлемін 10 миллиард долларға жеткізу жөніндегі уағдаластықтарды уақтылы орындауға ерекше назар аудардық.
Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Өткен жылы одақтастық қатынастар туралы Декларацияға қол қойылды. Өзбекстан мен Қазақстанның Сыртқы істер министрліктері барлық салалардағы тығыз ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдету үшін барлық күш-жігерді жұмылдыруға дайын.
Біз сондай-ақ елдеріміз арасындағы көлік байланысының пайдаланылмаған орасан зор әлеуетін, Орталық Азиядағы халықаралық транзит мүмкіндіктерін, азық-түлік қауіпсіздігі, академиялық және білім алмасу, тұрақты даму, аймақтық өркендеу мен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты талқыладық».
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу тамыздың 16 күні қазақстандық делегацияны бастап, Өзбекстанға сапармен барды.
Қазақстан делегациясының сапарының бағдарламасына Ташкенттің мәдени-тарихи мұрасының бірегей нысаны – Шейх Хованди Тахур және Төлеби (Қалдырғач-би) кесенелеріне бару кірді.
Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Орталық Азияның басты рухани ескерткіштерінің бірі – Хазірет-Имам кешенінде болды. Сондай-ақ қазақстандық делегация 7 ғасырда жазылған қасиетті Мусхафи Шариф – Усманның Құран Кәрімімен де танысты.



















