Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қазақстанды елінің ең жақын көршісі деп атады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қазақстанмен достық, тату көршілік және бекем бауырластық рухындағы қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуға бейіл екенін айтты.
Садыр Жапаров: “Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, Қырғызстанның сыртқы саясатында ерекше орын алатын бауырлас ел, негізгі сауда серіктестеріміздің бірі.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің қолдауыңыздың арқасында мемлекеттеріміздің арасындағы стратегиялық ынтымақтастық пен одақтастық қатынас нық дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді. Біздің халықтарымыз ертеден достық пен келісімде өмір сүрді, бір-бірін қолдап отырды.
Қалыптасқан татулығымыздың негізінде біз барлық мәселені бірлесе шеше аламыз деп сенемін. Өйткені қырғыз бен қазақ – егіз секілді ұқсас елдер. Ұлы Абай «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген, – деді.
Қазақстан Республикасының Президенті бүгін, 21 тамызда Қырғыз Республикасына ресми сапармен келді.
Қазақстан басшысын «Манас» халықаралық әуежайында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров күтіп алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты.












