Иран Мәскеу түбіндегі Крокус Сити Холлдағы лаңкестік әрекетті қатаң айыптады.
Евразия Тудейдің хабарлауы бойынша Иран Сыртқы істер министрі Хоссейн Амирабдоллаһиан Мәскеу түбіндегі сауда орталығына жасалған лаңкестік әрекетке X әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Жазбада: «Лаңкестікпен бірлескен және тиімді күрес халықаралық қауымдастықтың байсалды және кемсітушіліксіз әрекетін қажет етеді» деп мәлімдеді.
Хоссейн Амирабдоллаһиан жұма күнгі жазбасында орыс тілінде былай деп жазды: «Мен Мәскеуде болған лаңкестік әрекетті қатаң айыптаймын, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айта отырып, бұл қайғылы оқиға үшін әріптесім Сергей Лавровқа, үкімет пен ел халқына көңіл айтамын».
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Насер Канани де Мәскеу түбіндегі Крокус Сити Холл сауда орталығына жасалған, көптеген Ресей азаматтарының қаза болуы мен жарақат алуына себеп болған қанды және қатыгез лаңкестік әрекетті қатаң айыптады.
Канани Ресей үкіметі мен халқына, әсіресе қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айта отырып, Иран Ислам Республикасының осы қайғылы оқиғада Ресеймен бірге екенін айтты.
22 наурыз күні Мәскеу түбіндегі Crocus City Hall ғимаратына пулемет асынған адамдар басып кірді. Олар бейбіт адамдарға оқ жаудырып, бірнеше жарылыс жасады, содан кейін өрт басталды.
Лаңкестік әрекет құрбандарының саны 137 адамға жетті.
Ресей президенті Владимир Путин Крокусқа жасалған шабуылды «қанқұйлы және айуандық лаңкестік әрекет» деп атап, 24 наурызды Ресейде жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.














