Иранның діни жетекшісі Әли Хаменеи Дамаскке шабуыл жасаған сионистік режимді қылмыстары үшін Иранның батыл ерлері өкіндіретінін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ислам революциясының мәртебелі жетекшісі хазірет аятолла Әли Хаменеи Израильдің Дамасктегі Иран консулдығына жасаған әуе шабуылына реакция білдіріп: «Біздің ержүрек ерлеріміз зұлым режимнің жазасын береді. Алланың қалауымен оларды осы қылмысқа және соған ұқсас басқа қылмыстары үшін өкіндіреміз» деді.
Иранның діни жетекшісі Дамасктегі шабуылда ирандық генерал Мұхаммед Реза Заһеди мен оның жолдастарының қаза тапқанына тоқталып: «Олар ештеңе жоғалтқан жоқ. Олар өздерінің сыйын алды, бірақ олардың қазасының қайғысы Иран халқы үшін, әсіресе оларды танитындар үшін ауыр», — деді.
Айта кетейік, 2024 жылғы 1 сәуір күні түстен кейін сағат 16:45-те Дамасктегі Иран Ислам Республикасының дипломатиялық нысандары басып алынған Голан жоталарынан Израильдің әуе және зымырандық шабуылдарына ұшырады.
Иранның Дамасктегі елшісі Хосейн Акбари мен оның отбасы зардап шеккен жоқ. Ол Израильдің F-35 жойғыш ұшақтары ғимаратқа алты зымыран атқанын айтты.
Шабуыл салдарынан консулдық ғимараты толығымен қирады. Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының жеті қызметкері қаза тапты. Қаза тапқандар арасында Сақшылар корпусының бригада генералы Мохаммад Реза Заһеди мен оның орынбасары генерал Мохаммад Хади Хаджи Рахими, сонымен қатар бес офицер бар.
Бригада генералы Мұхаммед Реза Заһеди 2006 жылдың шілде айынан 2008 жылдың шілде айына дейін Ислам революциясы Сақшылар корпусы Құрлық әскерлерінің қолбасшысы болды.













