Душанбеде Тәжікстан-Ауғанстан шекара учаскесінде 1995 жылғы 7 сәуірде қаза тапқан қазақ жауынгерлердің монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша қазақ жауынгерлері ТМД-ға қатысушы мемлекеттер сыртқы шекараларын күзету бойынша әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан.
Іс-шараға Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов, Тәжікстан ардагер-интернационалисттер Одағының өкілдері, Тәжікстан Шекара қызметінің ардагерлері мен қазіргі әскер қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ қатысты.
Іс-шараға қатысушылар қазақстандық жауынгерлердің әскери антына адал болып, өз әскери борышын өмір бағасымен орындағанын және олар қорғағандардың жадында мәңгі қалатынын атап өтті.
Мемориал 2007 жылдың 15 желтоқсан айында ашылды.
Айта кетейік, 1995 жылы 7 сәуірде Дарваз ауданындағы Пшихавр шатқалында Қазақстан Республикасының жетінші құрама ротасына күш жағынан басым содырлар шабуыл жасады. Бес сағатқа созылған шайқас салдарынан ұрыста 17 жауынгер қаза тауып, 33 жауынгер жараланды.



















