Әлемнің жетекші дипломаттары 29 сәуір күні Сауд Арабиясында Дүниежүзілік экономикалық форумда бас қосып, Газадағы жағдайды талқылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша форумға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ұлыбритания, Германия және Франция Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі ханзада Фейсал бен Фархан Әл Сауд және Батыс Азиядағы басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Экономикалық форумнан кейін Энтони Блинкен Иордания мен Израильге ресми сапармен барады.
Форум барысында бірқатар араб елдерінің Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Палестинаны азат ету ұйымына мүше елдер Газа секторындағы оқиғаларға байланысты халықаралық қауымдастықты Израильге қарсы санкциялар енгізуге шақырды.
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде: «Министрлер халықаралық құқық пен халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылуына, Газа секторы мен басып алынған Батыс жағалаудағы әскери қылмыстарға жауап ретінде халықаралық қоғамдастықтың Израильге қарсы тиімді санкциялар енгізу, оның ішінде оған қару-жарақ жеткізуді тоқтату қажеттілігін атап өтті», — делінген.
Эр-Риядтағы Газа секторы бойынша отырысқа Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі ханзада Фейсал бен Фархан Әл Сауд төрағалық етті.
Форумға қатысушылар Газада бітімге қол жеткізу және оның халқына гуманитарлық көмек жеткізу жұмыстарын жандандыру жолдарын талқылады.
Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон форум қарсаңында Газадағы атысты тоқтатуға қол жеткізу «басты басымдық» екенін атады.
Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Х әлеуметтік желісінде Сауд Арабиясындағы кездесуде баршаға мәлім ең өзекті мәселелер туралы пікір алмасу болғанын жазды.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік экономикалық форум 28 сәуірде Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта 90-нан астам ел мен халықаралық ұйымдардың жүздеген саясаткерлері мен экономикалық сарапшыларының қатысуымен басталды.



















