Иран СІМ басшысы Амир Абдуллаһиан Еуроодақ елдерінде жыл сайынғы бейбітшілік пен бірлік мерекесі ретінде атап өтілетін Еуропа күнімен құттықтады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһиан X әлеуметтік желісінде биылғы Еуропа күніне орай құттықтауын жариялап : «Мен 2024 жылғы Еуропа күніне орай бұл күнді бейбітшілік пен бірлік мерекесі ретінде атап өтетін барша Еуропа елдерін құттықтаймын», деді.
Иран СІМ басшысының құттықтауында: «Осы атаулы күні Еуропада бейбітшілік пен өркендеу жолындағылар бүкіл әлем бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздік туралы ойлауы керек. Газа секторында болып жатқан оқиғалар адамның ар-ожданына ауыр жүк және еуропалықтар ұмтылатын қадір-қасиет пен адам құқықтары сияқты құндылықтардың заңдылығы үшін ауыр сынақ», делінген.
Хоссейн Амир Абдуллаһиан Еуропа елдерінің Палестина мәселесінде әділеттілік үшін жасаған үндеуін қуаттап, Иранның Еуропамен құрмет, сындарлы диалог және ынтымақтастық негізінде әлемдегі ортақ мүдделер мен бейбітшілік пен қауіпсіздік бағытында іс-қимылдарды және өзара әрекеттесуді жалғастыруға дайын екенін атап өтті.



















