Иран және Еуропаның үш елінің Сыртқы істер министрлері Нью-Йоркте өткен кездесуде диалогты жалғастыруға келісті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігі Нью-Йоркте өткен кездесуге қатысты ресми мәлімдеме жасап, Иран мен Ұлыбритания, Германия және Франция Сыртқы істер министрлері ядролық мәселеге қатысты дипломатиялық диалогты жалғастыру бойынша келісімге келгенін мәлім етті.
Иран Сыртқы істер министрлігінің Telegram арнасында жарияланған мәлімдемесінде: “Біріккен Ұлттар Ұйымының жойылған санкцияларын қайта енгізу үдерісінің негізсіз әрі заңсыз басталғанын ескеріп, осы кездесу барысында дипломатиялық диалогты жалғастыруға бағытталған бірқатар идея мен ұсыныстар қаралып, мүдделі барлық тарап арасында кеңесуді жалғастыру жөнінде шешім қабылданды”, — деп жазылған.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи сейсенбі күні Иранның ядролық бағдарламасын бақылау мәселесін талқылау мақсатында Германия, Ұлыбритания және Франция елдерінің Сыртқы істер министрлері және Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калласпен кездесу өткізгенін айтты.
Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі 19 қыркүйек күні Иранға қарсы санкцияларды қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.
Қауіпсіздік кеңесте Ұлыбритания, Франция және Германия ұсынған қарарды Америка Құрама Штаттары және тағы 6 ел қолдады.
Қытай, Пәкістан мен Ресей санкцияларды тоқтату мерзімін ұзартуға дауыс берді. Иран мен еуропалық үш елдің басшылары келісімге келмесе, 27 қыркүйектен кейін Тегеранға қарсы санкциялар қайтадан күшіне енеді.

















