Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян елінің НАТО әскери одақтастарымен ауқымды ынтымақтастығына тоқталып, елінің НАТО-ға мүшелікке өту жөнінде өтініш беру күн тәртібінде тұрмағанын айтты.
Еуразия Тудейдің Sputnik агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян елінің НАТО әскери одақтастарымен бірнеше салада, соның ішінде бітімгершілік делегацияларымен ынтымақтастық орнатқанын атап өтті. Министр алайда елінің НАТО-ға кіруге ниеті жоқ екенін мәлімдеді.
Арарат Мирзоян Аргентинаның TN телеарнасына берген сұхбатында Арменияның НАТО-мен тығыз байланыс орнату жөнінде жоспары туралы қойылған сауалға: «Біз қазіргі таңда НАТО-мен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатырмыз. Бітімгершілік іс-шараларына қатысамыз. Біз Ауғанстанда болдық. Жуырда Косоводағы бітімгершілік күштерінің санын көбейттік. Егер сіздің ойыңыз НАТО-ға өтініш беру немесе оған мүшелікке өту ниетіміз жөнінде болса, қазіргі таңда бұл тақырып біздің күн тәртібімізде тұрған жоқ», — деп жауап берді.
Мирзоян Ереван АҚШ пен Еуропаны өзінің негізгі серіктестері деп санайтынын айтып: «Біз АҚШ және Еуропалық Одақпен экономикалық қатынас пен саяси дискурстың кең өріс алуы үшін істер атқарып жатырмыз. Мен бұл тенденцияны саясаттағы өзгеріс деп санамаймын. Біз өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге, сонымен қатар демократиялық жолымызды дамытуға тырысамыз. Біз Батыста көптеген серіктесіміз бар екенін білеміз», — деді.
Еуропалық Одақтың 12 наурыз күнгі жариялаған қаулысында «Егер Армения кандидаттық мәртебеге ұмтылуға мүдделі болса және өзінің демократиясын нығайтуға бағытталған үздіксіз реформалар жолын жалғастырса, Еуропалық Одақ пен Армения арасындағы қатынас кезеңінің басталуына негіз қаланады» деп жазылды.



















