Еуропалық Одақ пен Канада сауда, қауіпсіздік және жеткізу тізбектерін қамтитын ауқымды жаңа альянс құруды жоспарлап отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен 16 қыркүйек күні Страсбургте жаңа серіктестік құру жоспарын таныстырады.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Канада Үкіметі Еуропалық Одақпен байланыстарын тереңдетуді басты басымдықтардың бірі деп санайды.
Тараптар өзара қарым-қатынасты барынша жақындатуды көздеп отыр. Алайда Канадаға Еуропалық Одақтың толыққанды мүшесі болу мүмкіндігі қарастырылып жатқан жоқ.
Жаңа альянс АҚШ-пен сауда даулары күшейген тұста құрылмақ.
Қыркүйек айының басында Канада АҚШ-тан импортталатын жалпы құны 20 млрд доллар болатын тауарларға 15 пайыздан 50 пайызға дейін баж салығын енгізді. Канада Каржы министрлігінің мәліметінше, бұл Вашингтонның канадалық тауарларға қатысты енгізген ұқсас шараларына жауап ретінде қабылданған.
Баж салығы болат, сүт өнімдері, тұрмыстық техника және электроника өнімдеріне қатысты қолданылды.
Канаданың Өнеркәсіп министрі Мелани Жоли тауарларды таңдау кезінде АҚШ-тағы алдағы аралық сайлаулардың ескерілгенін айтты. Оның сөзінше, бұл қадам жекелеген штаттарға саяси қысым жасау мақсатында қолға алынған.
АҚШ пен Канада арасындағы сауда текетіресінің жаңа кезеңіне тамыз айында Вашингтонның жалпы құны 27,6 млрд доллар болатын канадалық тауарларға 50 пайыз көлемінде баж салығын енгізу туралы шешімі түрткі болған еді.


















