Наурыздың келуімен Иранда «халықтың қатысуымен өндірістегі серпіліс» жылы басталды.
Иранның діни жетекшісі аятолла Әли Хаменеи Наурызға арнаған жолдауында Иран халқы мен Наурыз мерекесін тойлайтын барлық халықты құттықтап, биылғы жаңа жылды Иранда «халықтың қатысуымен өндірістегі серпіліс» жылы деп атады.
Хаменеи хижра шамси жыл санағы бойынша биылғы 1403 жаңа жылдық жолдауында өткен жылдың жақсы жаңалықтарының арасында осы елдегі маңызды ғылыми-техникалық жетістіктерді, инфрақұрылымдық өндірісті, наурыз айының басындағы қос сайлаудың қауіпсіз өтуі мен үкіметтің экономикалық және саяси салалардағы халықаралық деңгейдегі әрекеттерін атады.
Ислам революциясының жетекшісі өткен жылғы ұранға тоқталып, инфляцияны тоқтату мен өндірістің өсуі саласындағы атқарылған жұмыстарды жақсы деп бағалап, бірақ көңіл қалағандай емес деп атап, бір жылда мұндай маңызды мәселенің толық жүзеге асуын күтуге болмайтынын баса айтып: «Жаңа жылда елдің басты мәселесі әлі де экономика болып тұр, өйткені елдің ең осал тұсы осы салада. Сондықтан осы салада белсенді әрекет ету керек», — деді.
Хаменеи сөзінің жалғасында: «Экономикалық сарапшылардың пікірлерінен мынадай қорытындыға келдік: «Инфляция, жұмыспен қамту және ұлттық валютаның маңызды сияқты елдің экономикалық мәселелерін шешудің кілті өндіріс мәселесі болып табылады. Сол себепті соңғы бірнеше жылда өндіріс мәселесіне баса назар аударылды. Тиісінше, жаңа жылда да біз өндіріс мәселесіне шоғырланып, өндіріс саласынан жетістік күтеміз» деді.
Иранның діни жетекшісі экономика мен өндіріс саласында адамдардың қатысуынсыз жетістікке жетудің мүмкін еместігін баса айтып, өндіріс саласында адамдардың қатысуы жолындағы кедергілер жойылып, халықтың үлкен әлеуеті белсендірілуі керек екенін қуаттады.
Айта кетейік, Иранда жыл сайын Наурыз қарсаңында осы елдің жетекшісі Әли Хаменеи жыл ұранын жариялайды. Бұл іс бірінші рет 1999 жылы «жыл атағын» таңдаған кезден басталды.



















