Иран Тегеран қаласында Туризм министрлерінің кездесуі мен Дүниежүзілік Наурыз мерекесін өткізеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран күнтізбесі бойынша наурыз айының жиырма екісінен кейін Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Туризм министрлерінің кездесуін өткізуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы Иранның Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі Сейед Реза Салехи Амири мәлімдеді. Министр халықтардың ортақ мұрасы диалог орнатуға және әлемдік мәдениетті нығайтуға негіз болатынын айтып: “Аймақтың салт-дәстүрлері, ғылыми және мәдени құндылықтары, көне дәстүрлері географиялық шекаралардан асып, халықтарды біріктіреді. Біздің міндетіміз — өркениеттік байлықты тереңірек түсініп оны әлемдік қоғамдастыққа лайықты түрде таныстыру”, -деді.
Салехи Амири Наурыз мерекесін аймақ халықтарының ең көне әрі ең әдемі ортақ мұрасы деп атап, Туризм министрлерінің кездесуі және Дүниежүзілік Наурыз мерекесі Тегеран қаласында Иран күнтізбесі бойынша наурыз айының жиырма екісінен кейін ұйымдастырылатынын айтты.
Сондай-ақ, ол елшілерді осы халықаралық шараға елдерінің көрнекті мәдени қайраткерлері мен зияткерлік элита өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етуге шақырды.


















