Иранның университет қауымы АҚШ пен Еуропадағы студенттердің Израильдің Газа секторындағы қылмыстарын айыптауға бағытталған наразылығын қолдап, шерулер өткізді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның жер-жеріндегі университет профессорлары, студенттері мен қызметкерлері жексенбі күні АҚШ пен Еуропадағы студенттердің Газадағы сионистік режимнің қылмыстарын айыптаудағы қозғалысын қолдап, шерулер өткізді.
Иран университеттері АҚШ пен Еуропадағы университеттер студенттері мен ұстаздарын қолдауға бағытталған шерулер барысында Израильге қарсы ұрандар айтты.
Тегеран университетінің студенттері университет қақпасына плакаттар іліп, Палестина халқын қолдайтындарын білдірді.
Иранның Ғылым, зерттеу және технология министрлігінің мәдени-әлеуметтік істер жөніндегі бас директоры Меһди Бадпа АҚШ пен Еуропа университеттерінде Палестинаны қолдауға бағытталған студенттік қозғалыс Израиль құрылғалы бері Батыста осы елге қарсы орындалған ең ірі наразылық акциясы болғанын атап өтті. Меһди Бадпа сөзінде Иранның бірқатар университеттерінің ректорлары АҚШ университеттеріне студенттер мен профессорлардың таяудағы көтерілісін қолдайтын электронды хат жібергенін айтты.
Колумбия университетінің студенттері Палестинаны қолдап наразылық акцияларын өткізді. Наразылық танытқандар арасында жүздеген адам қамауға алынғаннан кейін АҚШ-тың университеттерінде ынтымақтастық акциялары күшейе түсті.
Осылайша Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде басталған Израильдің Газа секторына жасаған басқыншылығына қарсы студенттердің жаппай шеруі қысқа уақыт ішінде Еуропаның бірқатар елдеріне, соның ішінде Франция, Канада және Аустралияның 40-тан астам университетіне таралды.
Бұл күндері АҚШ пен Батыс университетерінде болып жатқан оқиғалар бұрын-соңды болмаған революцияның қалыптасқанын көрсетеді.
АҚШ пен Еуропа студенттері өз университеттерінің басшылығынан Израиль институттарымен қол қойылған меморандумдардың күшін жоюды талап етуде.
Тегеран университетінің профессоры Һади Борхани Палестинаны қолдаған студенттер наразылықтары АҚШ пен Батыс елдеріндегі ең үздік университеттерде болып жатқанына назар аударады. Ол бұл толқын жалғасын тапқан жағдайда, қарапайым халыққа ауысу ықтималдығын айтады. Сарапшының пікірі бойынша, наразылық акциясы қарапайым халыққа ауысқан сәтте АҚШ үкіметі оның алдын ала алмайды.


















