Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және жеті елдің президенттері Мәскеудегі әскери Жеңіс шеруіне қатысады.
Бұл туралы Еуразия Тудей Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковқа сілтеме жасап хабарлайды.
Юрий Ушаковтың айтуы бойынша, 9 мамыр күні шет мемлекеттердің көшбасшылары мен өкілдері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығына арналған әскери шеруге қатысады.
Әскери шеруге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес, Лаос Халықтық Демократиялық Республикасының Президенті Тонглун Сисулит және Гвинея-Бисау Республикасының Президенті Оумару Сисоку Эмбало арнайы шақырылған.
Сонымен қатар, шеруге ҰҚШҰ, ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ атқарушы органдарының басшылары, әскери атташелері мен дипломатиялық өкілдіктердің басшылары қатысады деп күтілуде.
Жеңіс күніне арналған шеруден кейін ел басшылары Александр бағындағы «Белгісіз солдат» мазарына барып гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысады. Содан кейін Кремльде делегация басшылары үшін Владимир Путиннің атынан қабылдау өтеді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8-9 мамыр күні Ресейге сапарын Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтқан болатын. Дәурен Абаевтың айтуы бойынша, Мемлекет басшысы сапар барысында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Ресейдің Уфа қаласындағы Өңіраралық форумға қатысады.
Айта кетейік, 9 мамыр күні Мәскеудегі Қызыл алаңында өтетін әскери шеруге тоғыз мыңнан астам адам және 75 бірлік әскери техника қатысады.




















