Рим Папасы Франциск Қазақстандағы су тасқынына алаңдаушылық білдіріп, осы табиғи апаттан зардап шеккендер үшін дұға тілеуді сұрады.
Еуразия Тудейдің Vatican News ақпараттық порталына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Рим папасы Франциск сәрсенбі, 10 сәуір күні Әулие Петр алаңында сөйлеген сөзінде Қазақстандағы су тасқынына тоқталып, баршаны Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендер үшін дұға тілеуге шақырды.
Су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан тұрғындарына жанашырлық білдірген Рим Папасы дәл осындай уақытта Қазақстан халқына рухани жақындығын білдірді.
Рим Папасы Франциск 2022 жылғы қыркүйек айында Қазақстанға барғанын еске алып: «Мен баршадан осы елде су тасқыны салдарынан зардап шеккендер үшін дұға тілеуді сұраймын», — деді.
ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың айтуы бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда су тасқынынан 97 мыңнан астам адам, соның ішінде 32 мың бала эвакуацияланды.



















