Түркияның оппозициялық Республикалық халық партиясы (РХП) соңғы 20 жылда алғаш рет муниципалдық сайлауда Әділет және даму партиясын (ӘДП) басып озды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Түркияның TRT Haber телеарнасы жариялаған дауыс беру деректеріне сәйкес қазіргі таңда Республикалық халық партиясы жалпы дауыстың 37,8 пайызын құрады. Бұл сан РХП-ның жалпы дауыстың 36,8 пайызын жинаған Әділет және даму партиясынан озғанын көрсетеді.
6 пайыздан аз дауыс жинаған күрдтерді жақтайтын Халықтық демократия партиясы үштікке кірсе, Әділет және даму партиясының одақтасы Ұлтшыл Қозғалыс партиясы 4 пайыздан аз дауыс жинады.
2001 жылы құрылған Әділет және даму партиясы 2004 жылдан бергі барлық муниципалдық сайлауда бірінші болды.
Республикалық халық партиясының жаңа жетекшісі Озгюр Озел бастапқы нәтижені тарихи нәтиже және қазіргі үкімет үшін айқын белгі деп сипаттап: «Біздің сайлаушылар бүгін өте маңызды шешім қабылдады: бүгін сайлаушылар басқарудың жаңа тұжырымдамасын жасауға шешім қабылдады. Халқымызбен бірге жасалған ұлт бірлігі тарихи нәтижеге жетті. Мұны елемегендер үшін нақты белгі берілді. Мен бұл жеңісте жеңілгендердің жоқтығын бәрінің білгенін қалаймын. Бүгін адамдар қай партияға дауыс бергені маңызды емес. Мен олардың өздерін жеңілгендей сезінгенін қаламаймын», — деді.
Сонымен қатар, Түркияның келесі президенттігіне үміткер, Республикалық халықтық партияның кандидаты, Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлының жеңісі Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен оның партиясына ең үлкен соққы болды.
Сайлау бюллетеньдерін санағаннан кейін Экрем Имамоғлы Түркияның ең үлкен қаласы Ыстамбұл муниципалитетіндегі сайлауда көш бастап тұр. Анкарада да Республикалық халық партиясы өз орнын сақтап қалды.
Еуропаның ең үлкен қаласы және Түркияның экономикалық ошағы Ыстамбұл қаласындағы сайлау бюллетеньдерінің 92,92 пайызын санағаннан кейін, Экрем Имамоғлы 50,92 пайыз дауыс нәтижесіне қол жеткізді. Ал оның Әділет және даму партиясындағы қарсыласы Мұрат Курум 40,05 пайыз дауыс жинады.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Ердоған сайлау нәтижелерін мойындап, бұл ұтылысты түн ортасында жасаған үндеуінде бетбұрыс деп атады.
Сарапшылардың мәлімдеуінше, Ердоған мен Әділет және даму партиясының жағдайы қоғамдық сауалнамалар болжағаннан да нашар болып шықты. Бұның себебін олар инфляцияның күрт өсуі, исламшыл сайлаушылардың наразы болуы және Ыстамбұлда Имамоғлының Республикалық халық партиясының тартымдылығына байланысты деп түсіндіреді.
53 жастағы Имамоғлы жексенбі күні кешке мыңдаған қуанышты жақтасының алдында сөз сөйлеп, ұлт үндеуін түсінбейтіндер ақыры сәтсіздікке ұшырайтынын айтты.
Саясатқа 2008 жылы келген, қазір президенттікке үміткер ретінде насихатталған бұл бұрынғы кәсіпкер: «Бүгін кешке Ыстамбұлдың 16 миллион азаматы біздің қарсыластарымызға да, президентке де ескерту жіберді», — деді.
1990 жылдары өзінің туған қаласы Ыстамбұлдың мэрі болған Ердоған муниципалдық сайлау қарсаңында белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Түркия астанасы Анкарадағы Әділет және даму партиясының штаб-пәтеріне жиналған көпшілік алдында сөйлеген сөзінде Ердоған оның альянсының республика бойынша үстемдігін жоғалтқанын, сайлаушылардың талаптарына жауап беру үшін шара қабылдайтынын айтып: «Егер біз қателессек, оны алдағы жылдары түзетеміз. Егер бізге бірдеңе жетіспесе, біз оны толықтырамыз», — деді.
Анкараның басқа жерлерінде мыңдаған басқа жақтаcтар да Әділет және даму партиясынан озық түскен Республикалық халықтық партияның атынан қайта сайланған Мансур Явасты қолдады.
Түркияның Anadolu мемлекеттік ақпарат агенттігі жариялаған деректерге сүйенсек, Анкарада Явас 60,35 пайыз дауыс жинаған. Ал оның Әділет және даму партиясындағы қарсыласы Тургут Алтынок 31,69 пайыз дауыс жинады.
Anadolu жариялаған басқа ресми нәтижелер бойынша Әділет және даму партиясы мен оның негізгі одақтасы 19 негізгі муниципалитетте, соның ішінде Бурса мен Баликесир қалаларында да әкім лауазымдарынан айрылған.
Түркияда жексенбі күні 81 провинцияда, соның ішінде 30 ірі қала мен муниципалитеттер, аудандар әкімдерін және муниципалды кеңес мүшелерін сайлады.



















